Ақтөбе полицейлері Республика күнін атап өтті
24 қазанда Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері егемен еліміздің тарихындағы маңызды мереке – Қазақстан Республикасы күнін салтанатты түрде атап өтті.
Мемлекеттік Ту енгізіліп, Әнұран орындалғаннан кейін басталған шара патриоттық рухта өтті. Ресми бөлімде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құттықтау хаты оқылып, үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Департамент бастығы Абай Жусупов қызметін адал атқарып, тәртіп пен заңдылықты сақтау ісінде үлгі көрсеткен полицейлерге төсбелгілер, медальдар мен құрмет грамоталарын табыстады. Сондай-ақ, ІІМ бұйрығымен бірнеше қызметкерге мерзімінен бұрын арнайы атақтар берілді.
Мереке барысында ұрпақтар сабақтастығы да ұмыт қалмады — жас буынға үлгі болып жүрген үш ардагер қызметкер алғыс хаттармен марапатталды.
Департаменттің игі дәстүрі бойынша мерекелік шараға үздік қызмет атқарып жүрген жас полицейлердің ата-аналары да арнайы шақырылды. Полиция полковнигі Абай Жусупов оларға гүл шоқтарын ұсынып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген ұл-қыздарды тәрбиелегені үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, жас ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім беруге қосқан үлесі үшін Ақтөбе қаласындағы «Білім» мектеп-гимназиясының «NEO класс» оқушыларының ата-аналары мен мектеп басшылығына алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік шараның концерттік бөлімінде қатысушылар мен қонақтар Өнер орталығы мен қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ өнерлі полиция қызметкерлері дайындаған әсем концерттік бағдарламаны тамашалады.




⠀